Нұрсұлтан Есжан — Қазақстан жаңалықтары
Елімізге танымал теле, радиожүргізуші Нұрсұлтан Есжан экономика факультетінде оқып жүріп, телевизияға қалай келгенін, танымал отандық әншінің кесірінен жұмыстан шығып кеткені туралы Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында баяндап берді. Тележүргізушілікке келуіме өзіме деген сенімділік пен тартымдылығымның пайдасы көп болды дейді ол.
Радио мен телевизияны қатар алып жүрсіз, қайсысы жақын?
Тележүргізушілік жақын. «Ревю» (НТК арнасы — ред.)- менің жүргізуші ретінде дүниеге келген бағдарламам. Негізгі білім алған мамандығым экономист. Колледждегі КВН сынды түрлі шараларға қатысып, жан-жақты өзімді көрсеттім. Сол уақытта НТК арнасында кастинг жарияланды. Сол каналда жұмыс істейтін әпкем: «Келіп бағыңды сына» деп айтты.
Ешқандай тәжірибем жоқ. Кастингке келіп, камера алдында мәтінді оқыдым. Бағым шығар телеарна басшысына ұнап қалыппын. Бір айдан соң жүргізіуші ретінде қабылдандым.
Түріме бола алынғасын, алғашқы жылдары артымнан талай сөз айтылып сыналдым. «Мектептің оқушысын неге эфирге қойған? Жүргізе алмайды», — деген пікірлерді құлағым шалды. Осындай сөздер нағыз тележүргізуші ретінде қалыптасуыма түрткі болды. Уақыт өте келе тәжірибе де молая түсті. Телевизияның бүкіл қыр-сырын игеріп алдық. Дубляж актері болған соң дауыста қойыла бастады. Дубляж жасауды бір ай ішінде үйреніп шықтым. Бұл мақтану емес, еңбексүйгіштіктен деп білемін.
Эфирге жарқ етіп шығуыңызға әпкеңіздің тікелей көмегі болды ма?
Әпкемнің үлкен ықпалы болды. Әпкемнің арқасы деп толыққанды айта аламын. Тек түріңе қарап жұмысқа ала бермейді. Қанша әдемі болып тұрсаң да, бойыңда талантың жоқ болса, бос әурешілік. Кастингке келіп, қолыма мәтінді бергенде қолымнан келмейді деп отырдым. Әпкем қамшылап, ары қарай алып кетуіме септігін тигізді. Жүргізуші ретінде қалыптасуыма көп көмегін тигізді.
Негізінде мен робот сияқты жұмыс істейтін көп әріптестеріме ренжимін. Жаңалықты бірқалыпты оқиды, көрермендерге жеткізе алмайды. Тіпті, кейде тыңдай алмаймын.
Мысалы кімдер екенін айта аласыз ба? Мүмкін сіздің сыныңыздан кейін түзелетін шығар?
Жоқ, айта алмаймын. Бізде менталитет оған жол бермейді. Жаныңда жүрген таныстар, достар болған соң бір жағы айтқым келмейді. Осы сұхбатты жургізушілер оқитын болса, өзіне керегін алады. Өйткені тележүргізушінің міндеті — көрермендерге жаңалықты еш қысымсыз, ауыртпалықсыз қабылдата білу. Ал біздің көремендер керісінше сұрақтың астында қалады.
Өз әріптестеріңізге жаңалықты дұрыс жеткізе алмағаны үшін ренжисіз. Ал өзіңіз дұрыс жеткізіп жүрсіз ба?
Ашығын айтқанда, мен өзімнің жаңалық жүргізгенімнен рахаттанамын. Өзімді мақтағаным емес. Өзім жүргізген бағдарламаларды қарап отырып, баға беріп отырамын. Жіберген қателігімді келесіде қайталамаймын. Бір қынжылтатыны: қазақстандық телеарналарда мықты бағдарламалар аз, жобаларға жүргізушілерді іріктеген кезде әділетсіздікке жол береді. Түріне қарап алу, туысқанын тықпалау, бюджетті қысып, студенттерді ала салу сапасыздыққа әкеледі.
Өзіңе баға берумен қатар халықтың көзқарасы да өте маңызды. Халық жақсы қабылдап жазып жатса, жүргізуші ретінде шабыттанасың. Мысалы, «Музарт live» жобасының бірінші тікелей эфирін жүргізіп болған соң, қазылар алқасындағы жұлдызды аға-әпкелеріміз келіп ризалығын айтып, қолымнан алғаны бар.
Айтпақшы, сол мегажоба арқылы сіздің мүкіншілігіңіз көрінді. Ол жобаға қалай келдіңіз?
Ондай жобаға шақырту алу да оңай емес. Егер де кастинг жарияланатын болса, одан өту қиынның қиыны. Бір жиында көптеген өнер адамдарымен бас қосып қалдық. Бұған дейін жеке таныстығымыз жоқ Сәкен Майғазиев ағамызды көріп, жасы үлкен деп сыйлап амандасып тұрсам, менде жеке әңгімесі бар екенін айтты.
«Ревю» бағдарламасында не айтып қойып едім деген ой келді бірден. Неге десеңіз, осыған ұқсас жағдай болған. Танымал әнші үстімнен арызданып, жұмыстан бір жылға шығып кеткенім бар.
Содан қобалжып жүріп Сәкен ағам отырған столға жақындап келіп тапсырмасын сұрадым. Ағам: «Үлкен жоба жасағалы жатырмыз. Сол жобаның жүргізушісі ретінде сені көргім келеді. «Ревюдан», радиодан қолын тиеді ма? Бізге келе аласын ба?» — дегендегі сезімді айтып жеткізе алмаймын. Оны сезіну керек. Өйткені Сәкен ағамыз — көпке үлгі, сыйлы азамат. Сол кісінің өзі тікелей маған ұсыныс айтып тұр. Содан уақыт таба алатынымды айтып, жобаны тізгіндедім.
Сөйтсем «Ревюда» жүргеніме 5-6 жылдан бері Сәкен аға мені сырттай бақылап, қабілетімді ұнатып жүр екен.
Танымал әнші шағымданып жұмыстан шығып қалдым дедіңіз. Кім, не үшін шағымданып жүр?
Журналист пен тележүргізушінің аражігі осы жерден көрінетін шығар. Эфирден әр күн сайын көптеген жаңалық оқимыз. Ұмытып кетесің кейде. Сол күні Ақбота Керімбековаға қатысты жаңалық оқып, жұмыстан үйге қайтып бара жатсам, бастық хабарласып: «Нұрсұлтан жұмыстан шығасың», — деді. Не болып қалғанын сұрасам, журналистердің Ақбота Керімбекованы ажырасып кетті деп жазып бергенін эфирде мен айтқаным үшін екен. Шындығында ажырасу процесі әлі аяқталмапты. Ақбота әпкеміз каналдың бастықтарымен сөйлесіп: «Мына жүргізуші эфирге тағы шығатын болса, каналмен соттасамын» деген көрінеді. Содан жұмыстан шығуға тура келді. Жарты жыл уақыт өткенде каналдан хабарласып, жұмысқа қайта шақырды.
Ақбота әпкемізбен қазіргі ара қатынасыңыз қалай?
Ол кісі мені танымайтын да шығар. Ол кезде студент едім. Қазір той жиындарда көріп қалсам, ішім бүлк ете қалады. «Сенің кесіріңнен жұмыстан шығып кеткенмін» деген іштей қыжыл болады.
Ақбота Керімбекованың өзіне өкпеңізді айттыңыз ба?
Жоқ, не керегі бар? Ол кісінің есінде жоқ та шығар. Ол кісі жетіскеннен келді дейсіз ба? Адам жетіскеннен ажыраспайды. Жетіскеннен жанжал шығармайды. Ол кісінің де жан дүниесін түсіну керек.
Ерке, Қайрат, Камшат сияқты танымал жұлдыздардың жүргізуші болып жүргенін қалай қабылдайсыз?
Олар жүргізуші емес, әншілер.
Иә, әншілер. Бірақ жүргізіп жүр.
Шамасы жетсе жүргізсін. Жоғары деңгейде жүргізеді деп айта алмаймын. Сіз айтып отырған әншілер тізімінде Камшат жүргізе алады. Мадина Сәдуақасова жүргізіп жүр. Ал Ерке мен Қайраттың жүргізуші ретінде мүлде тәжірибесі жоқ. Сондықтан эфирден біз бен сіз көрген жағдай орын алды. Оның үстіне «Жұлдызды жекпе-жектің» үшінші маусымында жұлдыздар көп болмаған. Танымалдық деңгейі Ерке мен Қайраттікіндей емес. Сондықтан да бағдарлама рейтингін көтеру мақсатында сондай шешім қабылданған.
«Жүргізе алмаса да» рейтинг үшін эфирге шығара беру қаншалықты дұрыс?
Маған ұнаған жоқ. Жеке басым ол бағдарламаны басынан аяғына дейін түгел көре алмадым. Тек қатысушылардың ән айтқандарын ғана тыңдадым. Ал жүргізушілердің сөзін тыңдай алмадым. Өйткені, өзім жүргізуші болып тұрып, олардың өрескел қателіктерін біліп отырып бағдарламаны қарай алмадым. Сондықтан әркім қолынан келетін, шамасы жететін іспен айналысқаны дұрыс.
Телевизиядан радиоға қалай келдіңіз?
Жаңалықты жақсы көремнін. Тіпті, майда жоба болса да мен өзімді сынап көргім келеді. Радиода жүрген досыма бос орын болса маған айтуын сұрадым. Содан уақыт өте келе «Еуропа плюс» радио толқынында адамдар іздеп жатқанын естіп бардым. Барсам жүргізуші іздеп жүрген жоқ екенін, бірақ жұмыстан шығаруды ойластырып, ұнамай жүрген бір жүргізушінің барын айтып менің даусымды сынап көрді. Содан радиоға шақырылдым.
Шығып кеткен адамға обал емес па?
Ол менің таныс досым. Нұржан Еркінұлының орнына жұмысқа кірдім. Оның істейтін жобалары көбейіп кеткендіктен радиодағы жұмысына уақыт таба алмай жүрген. Ол ешқандай да ренжіген жоқ. Қайта ол мені радиодан білмегенімді үйретіп, барлық қыр-сырымен таныстырды. Жақсы дос болып кеттік.
Халық алдында жүрген сымбатты жігітке қыздар тарапынан назар көп болатыны белгілі. Үйленгеніңізге қарамастан мазлайтын қыздар көп пе?
Қыздардың ықылас басылды. Мен бір адамды жақсы көрсем, өмірдің соңына дейін жақсы көріп өтем. Опасыздық деген дүниені жек көремін. Жазатын, іздейтін қыздар болғанмен, еш мән бермеймін.
Бұған әйеліңіздің көзқарасы қандай? Қызғанбай ма?
Әйелім кімге тұрмысқа шығып жатқанын білді. «Ер азығы — түзде» демекші, мен сыртта көп болатын кездер болады. Келіншегім — өте көрегенді, текті, көзқарасымыз бір жерден шығады. Ол мені толық түсінеді. Барлығын жақсы қабылдайды.
stan.kz