Тоқаев судьялар мен әкімдерді тағайындаудан бас тарта ма?
Бұған дейін ұлттық университет ректорларын Қазақстанды отыз жылдай басқарып, биыл президенттіктен кеткен, авторитарлы билік құрды деп жиі сынға қалған Нұрсұлтан Назарбаев өзі тағайындап келген. Назарбаев таңдаған елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шілденің 17-сі күні ұлттық университет ректорлары енді конкурс арқылы тағайындалатынын жариялады. Ол білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке ұлттық университеттер ректорын конкурс негізінде тағайындаудың әдісін әзірлеуді тапсырды. Азаттық сарапшыларға «Тоқаев алдағы уақытта әкімдерді, соттарды президент жарлығымен тағайындаудан бас тартып, оларды сайлау не конкурс арқылы таңдау үрдісін енгізе ме?» деп сұрады.
Ринат Рафхат, азаматтық белсенді:
Елді отыз жыл басқарған Назарбаев үш жыл ойланып-толғанып барып қойған Тоқаев саяси реформа жасап, ректорларды, судьяларды немесе облыс әкімдерін тағайындаудан бас тартады деу ерте. Қазір бір болмайтын істермен, мәселен, «Нұр Отанның» адамдары қатысқан бейбіт жиынға рұқсат беру сияқты қиқым-сиқым тірліктермен елдің көңілін аулап отыр. Билікке азат ойлы орта буын келгенде ғана сенемін. Бірақ оларды әзірге сөйлетпейді. Керісінше тұқыртып, қамап, қорқытып мүмкіндік беріп жатқан жоқ.
Рысбек Сәрсенбай, журналист, «Жас Алаш» газетінің бұрынғы бас редакторы:
Бұрынғы президент Назарбаев барлық билікті қолына жинап алды ғой. Ол ұлттық университеттің ректорын тағайындау арқылы ондағы қызметкерлерден бастап студенттерге дейін өзіне тәуелді еткісі келді. Солай жасады да. Биліктен айырылып қалмаудың бір тәмсілі ретінде осы тағайындауларды қолына алды. Тоқаев Назарбаевтың осы қателігін бұзып отыр. Тоқаев осы өзгеріспен тоқтап қалмауы тиіс. Болашақта облыс әкімдері мен судьяларды да конкурс арқылы сайласа, елдегі жағдай да біршама түзелер еді. Қоғам Тоқаевтан көп іс күтіп отыр. Сөз бостандығы болсын, еркіндік болсын, жасайтын реформалары өте көп. Бірақ соған біз күмәнмен қараймыз. Соған бара алмай, орта жолда жалтақтап, тек жеңіл-желпілермен жұрттың көңілін аулаумен шектелеме деген деген күдігіміз басым.Тоқаев сайланардың алдында «ол енді төрт жақтың тартқылауына түседі» деген едім. Біріншісі – Тоқаевты айтқанына көндіргісі келетін «елбасы». Екіншісі – оның қызы, сенат төрағасы Дариға Назарбаева. Үшіншісі – оның айналасындағылар. Ал төртіншісі – халық. Егер осылардың қайсысы күшті болса, Тоқаев соның дегеніне көнеді.
Уәлихан Қайсар, сенаттың бұрынғы депутаты:
Университетің ректорын тағайындау президентке лайықты емес. Ол негізінде білім және ғылым министрінің құзіретінде болу керек. Бірақ президент Тоқаевтың бұл әрекеті дұрыс. Болашақта судьялар пен облыс әкімдерінде президент жарлығымен тағайындау үрдісінен бас тарту керек. Бірақ [Тоқаев] мұндай қадамға барады немесе бара алмайды деп нақты айту қиын. Өйткені ол Қазақстанның ішкі саясатында өз іс-әрекетін көрсетпеген. Премьер-министр (1999-2002 жылдары – ред.) болып тұрған кезінде де бар-жоғы белгісіз адам еді.
Мырзан Кенжебай, журналист-жазушы:
Өз басым Тоқаевтың қазіргі жасап жатқан бірде-бір тірлігіне сенбеймін. Өйткені оны халық сайлаған жоқ, Нұрсұлтан Назарбаев тағайындады. Ал Назарбаев тағайындаған адам оған қарсы әрекеттер жасайды дей алмаймын. Себебі ол сахналық қойылым болуы мүмкін. Тоқаев өзі билікке келген бетте «Елбасының саясатын жалғастырамын» деді ғой. Содан кейін одан не күтесің?
Расул Жұмалы, саясаттанушы:
Тоқаевтың бұл қадамын қолдау керек. Бірақ бұл қаншалықты іске асады? Өйткені билікте әлі де ескі жүйенің өкілдері басым. Сондықтан көп іс қоғамның өзіне байланысты болады. Авторитарлық қоғамнан демократияның жолына өту, әлеуметпен санасу, қоғамның пікірін тыңдау – пісіп жетілетін дүние. Оның негізгі тетіктері – тәуелсіз сот, әділетті сайлау, тәуелсіз ақпарат құралдары. Ерте ме, кеш пе, бұған келу керек. Ал қазіргі жүйеде оны Тоқаев қалай алып шыға алады, бұл өз алдына үлкен мәселе. Егер қоғам бұл мәселелерді талап етпейтін болса, немғұрайлы отыратын болса, бүгінгідей бақылау әлсіз болса, мұндай бастамалар жемісін беруі неғайбыл.
Асылбек Қожахметов, Алматы менеджмент университетінің президенті:
Бұл баяғыда жасалынатын дүние еді. Өйткені президент тағайындаған ректорларға білім және ғылым министрлігі бақылау жасай алмайды. Менің ойымша, мұндай өзгеріс тек білім саласында ғана болады. Себебі ректорларды тағайындау президенттің жұмысы емес қой. Ол білім министрінің шаруасы. Яғни, президент жарлығымен тағайындалатын басқа қызметтерде өзгеріс болмайды. Ректорларды тағайындау бір басқа, облыс әкімін немесе судьяны тағайындау басқа. Бұл жерде айтайын дегенім, президент әзірге ондай саяси қадамға бармайды.
Қазақстанда президент билік тармақтарының басым бөлігін, әкімдерді және сот жүйесінің төрағаларын, судьяларды тағайындауға тікелей араласады. Мәселен, Қазақстан президенті туралы заңға сай, елдің басшысы мәжілістің келісімімен премьер-министрді тағайындайды. Кейін премьер-министр ұсынысымен үкімет мүшелерін бекітеді. Жоғарғы сот төрағасының кандидатурасын сенатқа ұсынады.
Қазақстан президенті сыртқы істер, ішкі істер, қорғаныс министрін, ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын, бас прокурорды; облыс, Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент әкімдерін; облыстық, қалалық, аудандық сот судьяларын; Конституциялық кеңес төрағасы мен екі мүшесін; ұлттық банк төрағасын, орталық сайлау комиссиясының мүшелерін тағайындайтын құқыққа ие.
Құқық қорғаушылар мен сарапшылар осыған дейін бірнеше рет судьялар мен әкімдерді президент тағайындайтынына қарсы шыққан. Олар билік тармағының көбі президентке бағынышты екенін, сот жұмысына биліктің көп араласатынын сынайды. Адвокаттар мен құқық қорғаушылар Қазақстан билігінен судьялар мен әкімдерді халықтың дауыс беруі арқылы сайлауды талап етіп келеді. Бірақ билік тарапынан бұл талапқа ешқандай жауап болмаған.