Қазақстанның миллиондаған қаржысы желге ұшып жатқаны анықталды  

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Университеттер жалған ғылыми мақалаларды шығаруға қыруар қаржы жұмсайды

НҰР-СҰЛТАН, 18 шілде – Sputnik. «ADAL BILIM» жобалық кеңсесі университеттер мен ғылыми институттардың бюджет қаражатын тиімсіз жұмсап жатқанын анықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Жоба жетекшісі Сергей Пеннің айтуынша, кеңсе мамандары QS сияқты жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингілеріне аудит жасауға кіріскен. Осы жұмыс барысында отандық университеттердің өз көрсеткішін жақсарту үшін заңсыз әрекеттерге баратыны анықталған. Соған бюджеттің біраз қаржысы жұмсалады.  

«Біз көптеген университет бойынша мемлекеттік сатып алулар порталын зерделеп шықтық. Сонда делдал компаниялардың қызметі бюджет ақшасынан төленетінін анықтадық. Аталған компаниялар ғылыми мақалаларды рейтингтік журналдарға шығарумен айналысады. Бұл – фейк мақалалар», — деді Пен астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жарамсыз мақалаларды шетелдік журналдарға шығару үшін миллиондаған қаржы жұмсалады.

«Осылайша, ондай мақалалар Scopus пен Thomson Reuters-тің индексациясына түседі. Ал Қазақстанға ондай имидждің қажеті жоқ», — деп толықтырды жоба жетекшісі.

Тағы оқыңыз: Полиция Астанада неліктен ақша «жауғанын» анықтауға кірісті 

Бұдан бөлек, жобалық кеңсе білім және ғылым министрлігіне қарасты квазимемлекеттік салаға тексеріс жасауды бастады. Соның ішінде сан алуан акционерлік қоғамдар, республикалық мемлекеттік кәсіпорындар мен ғылыми-зерттеу институттары бар.

«Біз олардың тиімділігін бағалап жатырмыз. Осы жұмыстың нәтижесі де жоқ емес. Мәселен, бір ғылыми институт бір жылдың ішінде үш-ақ мақала шығарған. Соның екеуі – плагиат. Бұл – үлкен проблема. 20 адам жұмыс істейтін институт үшін бір жылда үш-ақ ғылыми мақала шығару тым аз ғой.  Осындай ондаған мекеме бар. Оларға ақша миллиардтап бөлінеді», — деп атап көрсетті Пен.



sputniknews.kz