Өзге біреудің диплом жұмысын жазатындарды не күтіп тұр
Қысқа сілтеме алу
«ADAL BILIM» жобалық кеңсесі білім және ғылым саласындағы жемқорлық мәселелерімен айналысады
НҰР-СҰЛТАН, 18 шілде – Sputnik. «ADAL BILIM» диплом және курстық жұмыстарды жазып бергені үшін әкімшілік жаза енгізуді ұсынып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жобалық кеңсенің жетекшісі Сергей Пеннің айтуынша, аталған құрылымның ашылғанына екі апта болды. Осы уақыттың ішінде кеңсе мамандары білім саласындағы заңнаманы зерделеп, жемқорлық қауіп-қатерлерін анықтауға кірісті. Мәселен, ондай қатерлер жоғары оқу орындарының қызметінде кездеседі. Бұдан бөлек, академиялық әділдік пен ғылыми этика мәселелері тағы бар.
«Осы орайда біз заңның кемшін бір тұсын көріп отырмыз. Біз академиялық және ғылыми жұмыстарды жазғаны үшін және оған кез келген формада жарнама жасағаны үшін жауапкершілік енгізуді ұсынып отырмыз. Ондай бастама көптеген елдерде бар. Мысалы, Австралияда, Ұлыбританияда парламент осы мәселені қарастырып жатыр», — деді Пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікте өткен баспасөз мәслихатында.
Оның пікірінше, Қазақстанда да осыны жасау қажет. Себебі аталған қызметтердің нарығы барған сайын өсіп келеді. Оған бей-жай қарауға болмайды.
«Біздің кеңсе тиісті нормативтік актінің жобасын әзірлеп, оны ары қарай үкімет арқылы өткізу үшін министрге (білім және ғылым министіріне – Sputnik Қазақстан) ұсынады. Әрине, алдымен министрдің қолдауын алу қажет», — деді Пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікте өткен баспасөз мәслихатында.
Тағы оқыңыз: Назарбаев сапасыз мамандардың көбейіп кеткеніне ашуланды
Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген кеңсе басшысы ғылыми жұмыстарды жазып бергені үшін қандай жаза енгізуге болатынын да айтып берді.
«Иә, біз ғылыми және оқу жұмыстарын жазу сияқты академиялық қызметтерді көрсеткені үшін жауапкершілік енгізуді ұсынып отырмыз. Ондай жаза әкімшілік сипатта болатын шығар. Себебі бұл жарнама қызметіне жатады. Бір жағынан кәсіпкерлік қызметті де шектеуге болмайды», — деп атап көрсетті Пен.
Дегенмен, оның айтуынша, осы тәртіп бұзушылықтың сипатын анықтап, нақты бір жауапкершілік енгізу керек.
«Себебі адамдар «курстық жұмыс жазамын, диплом жұмысын жазып береміз» деп ашық жарнама жасап, қызмет көрсетіп жатады», — деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, жақын арада кеңсенің байланыс нөмірлері жан-жақты таратылады. Сол арқылы білім мен ғылым саласындағы жемқорлық әрекеттері туралы хабар беруге болады.
sputniknews.kz