Ұлттық кеңестен қандай үміт күтуге болады?
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 17 шілдеде арнайы жарлыққа қол қойып, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамы мен ережесін жариялады. Кеңесті Тоқаевтың өзі басқармақ.
Кеңес құрамына президент әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаев, президент кеңесшісі Ерлан Қарин, адвокат Айман Омарова, қоғамдық белсенді Мұхтар Тайжан, саясаттанушылар Айдос Сарым мен Расул Жұмалы, режиссер Ермек Тұрсынов, BTS Digital білім беру жобасының жетекшісі Саясат Нұрбек, биылғы президент сайлауында кандидат болған Дания Еспаева, Төлеутай Рақымбеков пен Жамбыл Ахметбеков, «Мен ояндым» акциясының қатысушысы Бақытжан Бұқарбай, «Альтернатива» зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев, мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Талғат Қалиев және тағы ондаған адам кірген. Кеңес құрамында барлығы 44 адам бар.
Ресми мәліметке сәйкес, кеңес мемлекеттік бағдарламалар мен заңдардың жобаларын қоғамдық сараптамадан өткізіп, жұрт пікірін ескеріп, стратегиялық мәселелерді қарап, «халық, саяси партиялар және билік арасында диалог» орнатуы тиіс.
Жоспар бойынша кеңестің алғашқы отырысы тамызда өтеді. Ал жарлыққа сай, кеңестің жиыны жылына үштен артық өтпейді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне ұқсас орган бұрын да болған. Оппозициялық күштердің белсенділігінен кейін Қазақстан билігі 2002 жылы қарашада Азаматтық қоғамды одан әрi демократияландыру мен дамыту жөнiндегi ұсыныстарды тұжырымдау жөнiндегi тұрақты жұмыс iстейтiн кеңес құрған еді. 2016 жылы жер митингілері күшейген тұста да қоғамдағы наразы топтармен мәміле қылу үшін Жер комиссиясы құрылған. Кейін бұл кеңестер тараған.
Кеңес қоғам күткен мәселелерді шеше ала ма? Кеңестің құрылуында ашықтық, теңдік принциптері сақталды ма? Кеңес мүшелері қалай таңдалды? Оның саяси шешімдерге нақты қандай ықпалы бар? Билік пен қоғам арасында диалог орнату үшін кеңес қалай жұмыс істеуі қажет? Осы және өзге де сауалдарды журналист, саяси белсенді Жанболат Мамайға Азаттықтың сайты мен әлеуметтік желідегі парақтары арқылы қоюларыңызға болады.