«Екеуі ағайындылар сияқты еді»: Күйеу баласын өлтірді деп айыпталған боксшының анасы мән-жайды баяндап берді — Қазақстан жаңалықтары

0

Кісі өлтірді деп айыпталған қостанайлық танымал боксшы Аслан Мұқановтың анасы ұлымен сөйлескенін айтып, мән-жайды баяндап берді.

Сурет: «Костанайские новости»/Сергей Миронов

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Костанайские новости» басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Тергеу мәліметтері бойынша, Аслан Мұқанов өзінің күйеу баласы Серік Пішенбаевты «дұрыс өмір сүрмегені және қарындасына деген нашар қарым-қатынасы үшін» өлтірген. Боксшы таңертең қарындасының үйіне келіп, төсекте жатқан күйеу баласын пышақтап тастапты. 

«Ол тұтқындалған күні: «Серікті не үшін өлтірдің? Неліктен жиеніңді жетім, қарындасыңды жесір еттің?» — деп сұрадым», — дейді боксшының анасы.

Марқұм Серік Пішенбаев пен оның жұбайы Ақжан таяуда шаңырақ көтергендеріне 5 жыл толатынын атап өтпек болған. Жеті ай бұрын олардың қызы дүниеге келген екен. 

«Серік қызымды алақанында аялап ұстайтын, отбасымызға жақсы қарады. Қандай нашар қарым-қатынас туралы айтуға болады? Біздің қонаққа келгенімізді ұнататын, бәріне жақсылық тілейтін. Асланмен ағайындылар сияқты еді… Аслан Колумбияда болғанда, тіпті оған ақшалай көмектесіп, бұл туралы ешкімге тіс жармаған еді», — дейді күдіктінің анасы. 

Әйел ұлына деструктивті діни ағым өкілдері теріс әсер еткеніне сенімді. 

«Соңғы күндері ол басқа әлемде өмір сүріп жүргендей болды. Оның ойында не бар екенін білгенімде, қолына кісен салып, үйде отырғызып қояр едім», — дейді анасы. 

Аслан Мұқанов бала күнінен спортқа қызыққан. Басылым мәліметінше, ол әуесқой бокста жоғары дәрежелерге жеткен. Артынша кәсіпқой боксқа ауысып, Майамиге кетіп қалған. Сол жақта 6 рет жеңіске жетіп, танымал промоутер Нельсон Лопес серіктестікті бастаған. 

Аслан артынша Майамиден Колумбияға аттанған. Ол жақта боксшы ақшадан тарыққан көрінеді. Туыстарының сөзінше, жағдайдың нашарлағаны сонша, оған венесуэлалық босқындармен бірге тұруға тура келіпті. Мұнан кейін боксшы бәрін тастап, Майкаоға жаяу аттануды ұйғарады. Ал 26 маусымда үйіне қайтып келген. Ата-анасына өзіне жұмыс істегісі келетінін айтыпты. 

«Оның күлмейтінін байқадым. Хабарласу үшін телефон бердік. Ол үнемі телефонға үңіліп, өз әлемінде жүретін… Бізде жарықты жиі өшіретін кездер болады. Бірде ол: «Үш минуттан кейін жарық өшеді», — деп айтып қалды. Расымен де солай болып, бәрі таңғалды. Сол кезде осы сәйкестік үшін ол өзінің адасып жүрген жолына одан сайын сене бастаған шығар. Бірде маған: «Ана, адамның өмірі мұншалықты қысқа екенін білесіз бе», — деп айтып, саусағымен мойнындағы аралықты көрсетті. Оның не айтпақ болғанын ешкім түсінбеді. Таңертең үйден басқа адам болып шығып, кешке мүлде басқа болып қайтып келетін. Туыстары мұны басынан өткен жайттардан кейінгі күйзеліс деп ойлады», — дейді Мұқановтың анасы.

Еске сала кетсек, бұған дейін әлем чемпионы атанған қазақстандық боксшы адам өлтірді деп күдіктеліп, тұтқындалғанын хабарлаған едік. Артынша оның өз туысын өлтіріп алғаны белгілі болды.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР ҚК 99-бабына (Кісі өлтіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті тұтқындалып, екі айға қамау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

stan.kz