Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамын жариялады

0

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 17 шілдеде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы жарлыққа қол қойып, кеңес құрамын жариялады.

Кеңесті Тоқаевтың өзі басқарады. Кеңес құрамында президент әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаев, президент кеңесшісі Ерлан Қарин, адвокат Айман Омарова, қоғамдық белсенді Мұхтар Тайжан, саясаттанушылар Айдос Сарым мен Расул Жұмалы, режиссер Ермек Тұрсынов, BTS Digital білім беру жобасының жетекшісі Саясат Нұрбек, биылғы президент сайлауында кандидат болған Дания Еспаева, Рақым Төлеутай мен Жамбыл Ахметбеков, «Мен ояндым» акциясының қатысушысы Бақытжан Бұқарбай, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев, мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Талғат Қалиев және тағы ондаған адам бар.

Кеңес мемлекеттік бағдарламалар мен заңдар жобаларына қоғамдық сараптама жүргізіп; жұрт пікірін ескеріп, стратегиялық мәселелерді қарап; халық, саяси партиялар және билік арасында диалог жүргізуді қамтамасыз етуі тиіс.

Жоспар бойынша, кеңестің алғашқы отырысы тамызда өтуі тиіс.

Қазақстанда көктемнен бері билікке қарсы наразылық шаралары көбейді. Наразылар биліктен жүйені өзгертуді және әлеуметтік жағдайды жақсартуды талап етіп келеді. 9 маусымда Қазақстан президенті сайлау күні елдің бірнеше қаласында халық сайлауға және билікке қарсы наразылыққа шыққан. Осы күні полиция мыңдаған адамды күштеп ұстаған.

Кейін сайлауда 70 пайыздан артық дауыспен жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев «халықтың жағдайы нашарлап кеткен соң наразылық көбейгенін, саяси өзгеріс болмаса елдің жағдайы жақсармайтынын» айтқан. Нарызылық көбейген соң Тоқаев билік пен халықтың арасында диалог орнататын қоғамдық сенім кеңесі құрылатынын мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Ақорда қоғаммен диалог орната ала ма?

Бірақ кейбір сарапшылар Тоқаевтың кеңес құру идеясын сынаған. Олар «бұл кеңес мәжіліс депутаттары мен ақпарат және қоғамдық даму министрінің жұмысын қайталайды» деген.

Azattyq