Димаштың жетістігін қайталаған қазақ әншісі той музыкасы жайлы пікір білдірді
Әділхан Макин қазақ халқы тойлатуды жақсы көретінін, алайда өнердің құнын түсірмеу керектігін атап өтті
НҰР-СҰЛТАН, 17 шілде – Sputnik. Қазақстан мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Витебск-2019» вокалшылар конкурсының гран-при иегері Әділхан Макинмен кездесті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жас әнші Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы эстрада, өнер факультетінің 4-курсында оқиды. Ол «Витебск-2019» вокалшылар конкурсында 180 ұпайдан 178 ұпай жинап, гран-при жүлдесін жеңіп алды.
«Саған үлкен алғыс білдіреміз. Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ол жаққа барып келдің. Сенің өнеріңе әлем таңғалды. Тағы да құттықтаймын. Шығармашылық қабілетіңді шыңдай бер. Осыдан 4 жыл бұрын осы сахнада Димаш Құдайберген үлкен өнерге қадам басты. Сондықтан Димаш, Әміре Қашаубаев сияқты Қазақстанның атын шығара бер», — деді Ақтоты Райымқұлова.
Жас әнші де қолдау көрсеткен тыңдармандарына шексіз алғысын білдірді.
«Қолдау көрсеткен қазақстандықтарға рақмет! Бұл жеңісімді Қазақстан халқына арнаймын. Барлыңызға зор денсаулық, бақыт тілеймін. Биыл жастар жылы. Сондықтан бізге көп еңбектену керек. Еңбек барлық қиындықты жеңеді», — деді Әділхан Макин мәдениет министрлігінің кулуарында.
Сондай-ақ ол танымал әнші Димаш Құдайбергенді танитынын, оны қатты сыйлайтынын жеткізді.
«Димаш менің ағам, құрдасым, досым. Екеуміз 2012 жылы «Жас қанат» байқауына қатыстық. Димаш сол байқауда жеңіске жетті. Сол кезден бастап мен де жеңіске жеткім келді. Димаш маған күш-қуат беріп, қолдау көрсетті. Онымен бәсекеге түсуді айтасыздар, онымен танысудың өзі үлкен құрмет болды», — дейді жас әнші.
Әділхан Макин той музыкасына да қатысты пікір білдірді.
«Бізге той керек. Себебі, қазақ халқы тойлатуды жақсы көреді. Бірақ өнердің құнын түсірмейік. Біз үлкен сахналарда қазақтың жанға жағымды шығармаларын орындауға тырысайық», — деді ол.
Осы орайдың оның ұстазы Яниса Кайсиди Әділханның дауысы несімен ерекшелетінін түсіндірді.
«Оның диапазоны 3 октава. Ол төменгі жоғары, ноталарды еркін ала алады. Бұл маңызды. «Витебск-2019» вокалшылар конкурсында қазылар алқасының төрағасы болған Тамара Гвердцители «Әділханның универсалды вокалшы екенін атап өтті. Қазіргі таңда сахнаға шығу аз, адамдарды таңқалдыра білу керек. Ол өз мақсатына жетті», — деп атап өтті Яниса Кайсиди.
Ұстаздың айтуынша, жұрттың оны Димашпен салыстыруы бекер емес.
«Димаш пен Әділхан ән орындаған кезде оған өзіндік нақыш қосқысы келеді», — деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловамен кездесуге Украинада өткен «Молодая гиличина-2019» халықаралық ән байқауының бас жүлдесін алған Қуаныш Ерзатұлы және І орын жүлдегерлері Мереке Кенжеғұл мен «Қазақ қыздары» триосы да келді.
sputniknews.kz