Еурокомиссияға жаңа басшы сайланды

0

Германияның бұрынғы қорғаныс министрі Урсула фон дер Ляйен Еурокомиссияның жаңа басшысы болып сайланды. Мұндай шешім 16 шілдедегі Еуропарламент отырысында қабылданды. Фон дер Ляйен Еурокомиссияны басқаратын алғашқы әйел болмақ.

Еуропа халықтық партиясы ұсынған Урсула фон дер Ляйеннің кандидатурасын 383 депутат қолдап дауыс берген. Тиісті межеден өту үшін ол кемінде 374 дауыс жинау керек болған. 327 депутат қарсы дауыс беріп, 22 депутат қалыс қалған.

Дауыс беру алдында сөйлеген сөзінде Урсула фон дер Ляйен сайланып жатса Еурокомиссиядағы гендерлік баланстың сақталуына назар аударатынын айтып, Брекзит уақытының ұзаруы мүмкіндігі жайлы сөз қозғаған.

Сарапшылар фон дер Ляйенге берген дауыстың аса көп емес екенін айтады. Мәселен, оның алдында бұл қызметті атқарған Жан-Клод Юнкер 2014 жылы 422 дауыс жинаған. Кей сарапшылар фон дер Ляйен Еуроодақтың бюрократиялық машинасын басқаруда бірқатар қиындықтармен кездесетіні сөзсіз деп отыр.

Урсула фон дер Ляйен бұл қызметіке биыл қараша айында кірісіп, алдағы бес жыл бойы басқаратын болады.

Azattyq