Орта білім беруді жаңғыртудың жаңа жобасы
Жобаның жалпы құны – республикалық бюджетпен қаржыландырылатын салықты қоса есептегенде 75 млн АҚШ доллары. Жоспарға сәйкес бұл қаражатқа ауылдық мектептерге оқу материалдары мен мультимедиялық құрал-жабдықтар сатып алынып, білім беру бағдарламалары жақсартылатын болады. Сондай-ақ ауылдық мектептердегі мұғалімдердің әлеуетін арттыру бойынша шаралар қолданылып, ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетіледі. Жоба шеңберінде білім берудің жаңартылған мазмұнын қолдауға бағытталған бастамалар кешені жүзеге асырылады деп күтілуде.
«Бүгін орта білім жүйесінің сапасын арттыру, білім берудегі қолжетімділік пен теңдікті жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы мен Дүниежүзілік банк арасындағы келісім шеңберінде жүзеге асырылатын «Орта білім беруді жаңғырту» жобасының ресми ашылуын жариялаймыз. Бұл жоба Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 76-қадамында, Білім және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламасында белгіленген басымдықтарға сәйкес келеді. Жобаның мақсаты орта білім жүйесінің сапасын көтеру, жаңғыртуды қолдау, білім берудегі қолжетімділік пен теңдікті арттыру, қала және ауыл оқушылары арасындағы оқу үлгерімінің алшақтығын төмендету. Келісім жаңартылған білім беру мазмұнын қолдаудағы қозғалған бастамалар кешенін қамтиды. Жобаның негізгі бағыттарының бірі – білім беру материалдарына қолжетімділікті арттыру, мультимедиялық жабдықтармен жарақтау және ауыл мектептері мұғалімдерінің әлеуетін көтеру арқылы ауылдық жалпы орта білім беретін мектептер мен шағын жинақталған мектептердің оқушыларының үлгерімін жақсарту. Осылайша, жобаның жалпы қаражатының 60 пайызы 5 мыңнан астам ауылдағы, әсіресе шалғайдағы ауылдардағы мектептерді мультимедиялық жабдықтармен жарақтандыруға бағытталған. Бұл жаңа цифрлы білім беру ресурстарына қолжетімділікті жақсартып, халықаралық тестілеуді онлайн форматында өткізу үшін материалдық-техникалық қолдау көрсетеді. Оған қоса осы шаралар қала және ауыл мектептері оқушылары арасындағы оқу үлгерімінің алшақтығын төмендетуге ықпал етеді. Педагогикалық білімді жаңғыртуға жеке көңіл бөлінуде. Педагогикалық мамандықтарға арналған жаңа 30 білім беру бағдарламалары мен болашақ мұғалімді дайындаудың жаңа моделі жасалады. Сонымен қатар, 16 педагогикалық жоғары оқу орындарының материалдық техникалық базасын күшейтуге қомақты қаржы бөлінеді», деді Э.Суханбердиева.
Келісімнің тағы бір маңызды бағыттарының бірі – инклюзивті білім беруді қолдау. Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға сапалы білім беру де аталған жобаның ажырамас бөлігі деуге болады.
«Жобаның басты бенефициарлары 3 млн-нан астам мектеп оқушылары, оның ішінде ерекше білім қажеттіліктері бар балалар, ауыл мектептерінің 170 мың мұғалімі мен директоры, педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттері болмақ. Жоба институционалдық деңгейде еліміздің әр мектебінің, әсіресе қиын жағдайдағы мектептердің әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді, орта білім сапасын арттырады», деді вице-министр.
Жиын соңында ұйымдастырушылар ұлттық деңгейдегі жоба еліміздің тұрақты дамуы үшін адам капиталын нығайтуға мүмкіндік беретінін, сонымен қатар қоғамға оңтайлы әлеуметтік-экономикалық әсер қалдыратынын тілге тиек етті.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»