«Бүгін-ертең келуі керек»: Арыс әкімі Көлгіновтің өзіне берген уәдесі туралы — Қазақстан жаңалықтары
Арыс қаласының басшысы Мұрат Қадырбек Нұр-Cұлтан әкімі Алтай Көлгіновтің өзіне уәде бергенін айтып, ағынан жарылды, деп хабарлайды Stan.kz өңірдегі тілшіcі.
Бұл туралы Арыс әкімі ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бірінші вице-министрі Қайырбек Өсенбаевтың қатысуымен Арыс қаласында ұйымдастырылған пресс-тур кезінде айтты.
Пресс-тур кезінде жарылыстан зардап шеккен Арысты қалпына келтіру жұмыстары таныстырылды. Алдымен қаладағы әскери бөлімге жақын маңда орналасқан «Көктем» шағын ауданындағы құрылыспен танысқан журналистер ведомство өкілімен бірге Атырау, Маңғыстау, Шымкент сынды секторлардағы құрылыстармен де танысты.
Қалпына қайта келіп жатқан Арысты аралау кезінде журналистерге мұңын шаққан тұрғындар да болды. Солардың бірі – Гүлнәр Садимова.
Кейуананың айтуынша, жарылыс кезінде енді ғана бой көтеріп, әлі құрылысы бітпеген үйіне зақым келген. Баспанасы Нұр-Сұлтан қаласына берілген секторға енген. Алайда ондағылар әлі қоныстанып үлгермеген үйін жөндеп бермейміз деп бас тартыпты. Себебі үй құжаты жоқ. Ал тұрғын болса, құрылысы бітпеген үйдің құжаты қайдан болсын деп шырылдап отыр.
Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек құжат рәсімдеу мәселесіне көмек беретінін, содан кейін үйі жөндеуден өтетінін айтты. Өйткені қазіргі таңда бірінші кезекте — үйсіз қалғандардың үйлерін жөндеу тұр. Өз сөзінде әкім Мұрат Қадырбек Нұр-Сұлтан қаласына берілген секторға шағымдардың көптеп түсіп жатқанын да жасырмады.
«Жалпы алып қарағанда, ол қиындау сектор. Өйткені 600-дей үй бар, оның — 59-ы көпқабатты үй. Көпқабатты үйдің жартысынан көбі бұзылып, қайтадан жұмыс жасалуы керек. Ал жеке тұрғын үйлер жарылыс болған жерге жақын орналасқан және жолдың жағасындағы ескі үйлер болғандықтан бұл сектордағы құрылыс күрделілеу.
Бірақ салыстырмалы түрде айтатын болсақ, басқа сектордағы құрылысшы санымен салыстырғанда бұл жерде аз емес істеп жатқан. Тек бұл секторда, жаңа айтып өткенімдей, жұмыс күрделі. Мен таңертең Нұр-Сұлтан қаласының әкімімен де, оның орынбасарымен де «Мына жерде сіздерде адамдар жеткіліксіз болып жатыр, арыз көп түсуде, жұмысты жеделдету керек» деп сөйлестім. Олар бүгіннен бастап жеделдету жұмыстарын бастап кетті. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі маған уәде берді, бүгін немесе ертең келетін болды», — деді Арыс әкімі.
stan.kz