«Қазақтар Қытайға «тым еркінсіме» деп отыр». Сыроежкин ісінің «астары» және Біләш соты
Америкалық The Wall Street Journal газеті шілденің 10-ында көлемді мақала жариялап, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) қылмыстық іс қозғап, қамауға алған қытайтанушы Константин Сыроежкиннің төңірегіндегі жағдай туралы баяндады.
Жылдың басында тұтқындалған белгілі зерттеушіге «мемлекетке сатқындық жасады» әрі «тыңшылық қылды» деген айып тағылғанын ҰҚК мамырдың басында әуелі жанама түрде, сосын тікелей растаған. The Wall Street Journal қазақстандық қауіпсіздік органының жабық іс туралы ақпаратты жария етуін «Қытайдың ашық түрде бетін қайтарудың сирек мысалы» деп сипаттайды.
«ЕСКЕРТУ РЕТІНДЕ ОҚ АТУ»
Басылымға сұхбат берген Мәскеудегі Жоғарғы экономика мектебінің Қытай бойынша сарапшысы Василий Кашин «Бұл жағдаятты жария ету арқылы қазақтар Қытайға «Қазақстанда тым еркінсіме әрі қатты кетпе» деген белгі беріп отыр» деп тұспалдайды.
Мақала авторы пост-советтік кезеңде Қазақстанның бұрынғы саяси орталық – Мәскеумен қатар Батыстың да көңілін табуға тырысқанын, соңғы кезде Қытайдың да маңызды ойыншы тарап ретінде көрініп, «үш бағытты баланс сақтау» мұқтаждығы туғанын жазады. Дәл осы газетке берген соңғы сұхбатында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытаймен экономикалық және саяси ынтымақтастық орнату туралы айтқан сөзі мысал ретінде келтірілген.
«Бір белдеу – бір жол» жобасының «Жібек жолы экономикалық белдеуі» тармағын жүзеге асыру үшін Қазақстан Қытай үшін негізгі экономика әрі сауда әріптесіне айналып тұр. Басылым Пекиннің Нұр-Сұлтан үшін жетекші инвесторлардың біріне айналғанын атап өтеді. Бірақ бұл үрдістің түрлі реакция туғызғанына назар аудартады.
Жаңа Жібек жолы: даму ма, алдану ма? (Деректі фильм).
Газетке сұхбат берген Қазақстандағы Дүниежүзілік экономика мен саясат институтының сарапшысы Руслан Изимов Қазақстандағы Қытайдың белсенділігі «даулы мәселеге айналып, қауіпті арттырғанын» айтқан.
The Wall Street Journal Қытай билігінің Сыроежкин ісін «жоқтан бар жасау» деп сипаттағанын ескертеді әрі жуырда Пекиннің Нұр-Сұлтанды Қазақстандағы қауіпсіздік саласында да қытайлық компаниялардың қызмет етуіне рұқсат беруге көндіргенін атап өтеді.
Басылым іспен таныс ақпарат көздерінің «Сыроежкин Қытайға құпия құжаттар беріп, ақшалай сыйлық алып отырған болуы мүмкін» деген пікірін келтіреді. Мақалада «Қазақстан мен Ресей азаматтығы бар» синологтың Тоқаевқа премьер-министр кезінде Қытай саясаты бойынша кеңесші ретінде қызмет қылғаны да баяндалған.
«Сыроежкиннің үстінен қозғалған істің ескерту ретінде оқ ату сияқты астары болуы мүмкін. Бұл [әрекет] Қазақстанда қолдау табатын сияқты. Сарапшылар Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң өлкесіндегі мұсылман ұйғырлар [мен қазақтарды] қыспаққа алу саясатына байланысты бұл елде Қытайға қарсы көңіл-күй күшейіп бара жатқанын айтады» деп түйіндейді автор.
БІЛӘШТІҢ СОТЫ ТАЯП КЕЛЕДІ
Қытай қазақтарының қудалауға ұшырауы туралы мәселе көтеріп, өзі істі болған белсенді Серікжан Біләштің сотына Eurasianet.org басылымы осы апта оқырман назарын және бір аудартты. Орталық Азия елдері туралы ағылшынша және орысша хабар тарататын онлайн-басылым шілденің 11-інде белсендінің адвокаты Айман Омароваға сілтеме жасай отырып, прокурорлар Біләштің ісін тексеріп болғанын жазды.
«Тездетті дегенде [соттың алдын ала тыңдау отырысы] екі аптада өтіп қалар, бұл айда болмайтын да шығар» деген Омарова ақпарат вебсайтына.
Eurasianet.org Біләштің тұтқындалуы халықаралық БАҚ-та дүмпу туғызғанын сипаттай келе оның «араздық қоздыру» айыбымен бес және он жыл арасында сотталуы мүмкін екенін баяндайды.
Мақалада «Ақпарат құралдары бұл істі Пекиннің Қазақстандағы экономикалық салмағын саяси ықпалға ұластыру ретінде көрсетіп бақты. Ал жергілікті билік харизмалы және тәуелсіз тұлға саяси оппозицияға өтіп кете ме деп алаңдады» деген жолдар бар.
Батыстың ақпарат құралы Біләштің Қытай қазақтарын Пекинге қарсы «ақпараттық джихадқа» шығуға шақырғанын, бірақ мемлекеттік БАҚ таратқан видеода «ақпараттық» деген сипаттаманың түсіп қалғанын ескертеді. Eurasianet.org Біләш бастаған «Атажұрт еріктілері» ұйымының Шыңжаңдағы адам құқықтарын өрескел бұзу фактілерін тіркеуде маңызды рөл атқарып келгенін атап өтеді.
ҚҰЛШЫЛЫҚ ҮШІН АЙЫППҰЛ САЛУ
Ал Қазақстанның өз ішіндегі адам құқықтарының, оның ішінде діни наным-сенім еркіндігінің бұзылып жатқаны туралы жазған ұйым да бар. Шілденің 11-інде бас кеңсесі Норвегияда орналасқан халықаралық Forum 18 тобы Қандыағаш пен Мерке аудандарындағы, Атырау қаласындағы және Қарағанды облысындағы түрлі діни қауымдастық мүшелерінің көрген құқайын егжей-тегжейлі баяндап шыққан.
Халықаралық ұйымның жазуынша, шілденің 2-сінде Ақтөбе облыстық соты Болат Исабаев есімді азамат өзіне салынған айыппұлдың күшін жою туралы түсірген апелляциялық шағымын қанағаттандырмай тастаған. Исабаев Ғайса пайғамбардың өлген күнін атап өту үшін Қандыағаштағы үйінде Иегова куәгерлері діни қауымдастығы мүшелерінің басын қосып, құлшылық қылғаны үшін айыпты болған. Көршілерінің арызы бойынша жеткен полицейлер ғибадатты терезеден түсіріп алып, кейін айыппұл салуға негіз еткен. Қазақстан үкіметі 2018 жылы толықтырған «Дін туралы заңға» сәйкес ел тұрғындары бірнеше адамның басын қосатын қандай да бір діни жоралғыны биліктің рұқсатынсыз жекеменшік тұрмыс жайларда атқара алмайды. Бұл шектеуді халықаралық құқық қорғаушылар үнемі сынап келеді.
Мұндай жазаға тартылғандардың ішінде меркелік мұсылмандар да бар. Forum 18 биылғы наурыздың 2-сінде Жамбыл облысындағы Мерке қаласында полицияның «екі тіркелмеген жаназа шығару орнын тауып алғандарын» жазады. Тексеруден соң жергілікті әзербайжан диаспорасынан шыққан екі имамға айыппұл салынған. Ақпан және наурызда Атыраудағы кришнаит топтың және Тараздағы үш баптист шіркеуінің полиция рейдіне ұшырағаны да назардан тыс қалмаған.
Құқық қорғаушы ұйым Қарағанды қаласындағы 20 шақты ғана мүшесі бар қайта өрлеу бағытындағы шіркеуді де полицияның тінтіп, діни кітаптарын тәркілеп әкеткенін жазады. Былтырғы қараша айында шіркеу мүшелерінің бірі туған күн кешін ұйымдастырып, жиналған жұрт ас алдында дұға оқи бергенде «секта» жиналысы өтіп жатыр деген хабар түсті деп полиция сау етіп келе қалған. Діни қауым мүшелерінің бірі Светлана Демина өзіне салынған айыппұлды заңсыз деп жариялауға Қарағанды облыстық мамандандырылған әкімшілік соты арқылы қол жеткізген. Бірақ биылғы қаңтар айында облыстық полиция туған күн кешіне барған және жеті адамға айыппұл салдыртқан. Ал Деминаның әкімшілік ісі күтпеген жерден қайта қозғалып барып жабылған.
Forum 18 ұйымының Қазақстандағы діни бостандық ахуалы туралы есептерін мына сілтеме арқылы оқуға болады.