Нұр-Сұлтанда Ақордаға бармақ болған наразы аналарды полиция бөгеді
«МӘСЕЛЕНІ ШЕШКІСІ КЕЛМЕЙДІ, БІЗДЕН ҚҰТЫЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ»
Шілденің 12-сі күні Нұр-Сұлтанда ондаған ана Ақордаға апаратын «Нұрлы жол» бульвары арқылы президент әкімшілігі алдына баруға тырысты. Бірақ оларды көпірде полиция бөгеп, әрі қарай жылжуына мүмкіндік берген жоқ. Бұдан соң наразы аналар сол жерде әлеуметтік талаптарын айтып, «Баспана» деп айғайлай бастады.
Тікелей эфирді көріңіз:
Есімін Гүлзада Тұрсынтаева деп таныстырған әйелдердің бірі «шенеуніктердің баспана мәселеміз шешеміз» деген құрғақ уәдесінен шаршағанын айтып, «билік аналардың мәселелерін шешкісі келмейді, бізден ың-шыңсыз құтылғысы келеді» деді. Ол бұған дейін Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігіне баспанаға зәру 46 адамның тізімін бергенін, мәселелері сол күйінше қалғанын айтты.
Екі мүгедек бала тәрбиелеп отырғанын айтқан төрт баланың анасы «Қазақстанда мүгедек балалардың құқығын таптайды, оларды қорлайды, сабайды, мектепте білім алуына жағдай жасамайды» деп ашынды. Ол мүгедектігі бар балаларының ауыр жағдайын айтып, налыды.
Наразы аналардың бірі мүгедектігі бар балаларға ерекше күтім қажет болғандықтан оларға бөлек тізім бойынша баспана беру керек деге ұсыныс айтты.
Кейбір аналар баспана алу бойынша мемлекеттік бағдарламалардың шарттары күрделі екенін алға тартса, кейбірі баспана кезегінде ұзақ уақыттан бері тұрғанын, кезекке жуырда тұрғандардың үй алып кеткеніне шағымданды.
Бастапқыда наразыларға еңбек және әлеуметтік қорғау Светлана Жақыпова келді. Ол аналарды министрлік ғимаратына кіріп, мәселелерді талқылауға шақырды. Бірақ бұған аналар келіспеді. Одан кейін Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен келіп, дәл сондай ұсыныс жасады. Наразылар сұрақтарына жауап берген шенеунік «мемлекеттің бір күнде бәріне бірдей баспана тауып бере алмайтынын» айтып, сабырға шақырды. «Дәл осы жерде 5-6 адамнан құралған комиссия құрайық» деп еді, наразы аналар келіспей шулап кетті. «Бұған дейін де комиссия құрылған. Ештеңе шешілген жоқ. Аналарды осылайша бөліп-жарғыларыңыз келеді» деп ашуланды аналардың бірі.
«Президент халықтың қаңғырып жүргенін көрсін. Әрқайсымызға он сотықтан жер бергенде бұлайша қаңғырып жүрмес едік. Шетел азаматтарына жер бергенше билік өз халқын жарылқасын» деді наразы аналардың бірі.
ШЫМКЕНТТЕГІ НАРАЗЫЛЫҚ
Жұма күні Шымкент қаласының әкімдігі алдына ондаған әйел жиналып, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың сыртқа шығуын талап етті. Жиналғандардың басым бөлігі — көп балалы, жалғызбасты аналар. Олар баспана мен жәрдемақы мәселесін көтеріп, «қала әкімі шықсын!» деп айқайлады. Айтуларынша, қала әкімі «тамыз айында беріледі» деген 100 мың теңге шамасындағы бір реттік жәрдемақыдан қағылып, кейбірі баспанасыз пәтер жалдап, қиналып жүр.
Наразыларға қалалық басқарманың бірнеше басшысы шығып, ғимарат ішіне кіріп сөйлесуді сұрады, бірақ олар ішке кіруден бас тартып, әкімді күтетіндерін мәлімдеді. Әкім шықпаса аштық жариялайтындарын да жеткізді.
Жиналғандарды прокуратура мен полиция өкілдері сырттан бақылап жүр.
Қазақстанда көп балалы әйелдер, жалғызбасты аналар мен мүгедек баласы бар әйелдер бұған дейін де наразылық білдіріп, әкімдіктер, парламент пен үкімет алдына барған.
Мамыр-маусым айларында Нұр-Сұлтанда әйелдер үкіметке және Ақордаға барып, бірнеше рет Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев және премьер-министр Асқар Маминнің кездесуге шығуын талап еткен. Бұған дейін билік өкілдері олардың мәселелерін «заң шеңберінде қарастырылатынын», «өтініштері жеке қаралатынын» айтқан.