Салық амнистиясы: кімдердің айыппұлы мен өсімпұлы кешіріледі
Қазақстандықтардың салық бойынша жалпы қарызы — 20,9 миллиард теңге, деп хабарлайды қаржы министрлігі
НҰР-СҰЛТАН, 12 шілде – Sputnik. Қаржы министрлігі жеке тұлғалар үшін салық рақымшылығын өткізу тәртібін түсіндірді. Амнистия аясында салықтың негізгі сомасы төленген болса, айыппұл кешіріледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қаржы вице-министрі Қанат Баеділовтың айтуынша, жылдың басында 1,4 миллион жеке тұлғаның салық бойынша жалпы қарызы 20,9 миллиард теңге болған. Соның ішінде негізгі берешектің көлемі — 14,3 миллиард теңге, ал өсімпұлдар – 6,6 миллиард теңге.
Тағы оқыңыз: Тоқаев халықтың тұрмысын жеңілдететін тағы бір заңға қол қойды
«Қарыздың басым бөлігі көлік үшін төленетін салыққа тиесілі. Одан кейін жер мен мүлік салығы келеді. Ал берешегі бар жеке тұлғалардың саны жағынан Шымкент қаласы көш бастап тұр. Ол жерде шамамен 148 мың адам салық төлемей жүр. Сосын Түркістан облысы – 139 мың адам, Жамбыл облысы – 116 мың адам, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында 114 мың қарыз бар», — деді Баеділов үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін берешегі бар адамдар негізгі салықты төлесе, өсімпұлдардың бәрін алып тастайды. Ал биыл салықты да, өсімпұлды да өз еркімен төлеген адамдарға айыппұлдың ақшасы қайтарылады. Қазір министрлік қаражатты қайтару тетіктерін әзірлеп жатыр.
«Өсімақыны есептен шығару үшін мемлекеттік органдарға барудың қажеті жоқ. Қарыздың негізгі сомасы төленсе болды. Мемлекеттік кірістер органдары күн сайын жеке тұлғалардың есепшоттарын қарап отырады. Негізгі қарыз төленген жағдайда тиісті шешім қабылдап, үш күн ішінде өсімпұлды есептен шығарады», — деп түсіндірді Баеділов.
Вице-министр тиісті заңға қол қойылғанын да еске салды. Бұл құжат 16 шілдеде күшіне енеді. Қаржы министрлігі бұйрық рәсімдеп, шілденің 20-сынан кейін жұмысқа кіріспек.
Тағы оқыңыз: Шілдеден бастап қазақстандықтардың өмірінде не өзгерді?
sputniknews.kz