“Туыстарыма ескертті”. Белсенді жастар қысым мен қоқан-лоқы туралы айтты
ЕЛДЕН ШЫҒУҒА ТЫЙЫМ
Қазақ ұлттық медицина университетінің студенті Данияр Хасеновтің Қазақстан аумағынан шыға алмай жүргеніне екі аптаға жуық уақыт болған.
Маусым айының аяғында Еуропадағы ПАСЕ (Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясы) жиынына қатысу үшін Еуропаға ұшпақ болған кезде Алматы әуежайында оған “қалалық полиция департаментінің елден кетуге тыйым салғаны” туралы ескерту қағазын берген. “Сол тыйымның кесірінен Қазақстандағы адам құқығы ахуалына арналған ПАСЕ жиынына да, қазір Венада өтіп жатқан медицина саласы бойынша тәжірибе алмасу бағдарламасына (стажировка) да қатысу мүмкіндігінен айрылдым” дейді белсенді. Оның айтуынша, әуежайда берілген бір жапырақ ескерту қағазында кімнің қандай негізде елден кетуге тыйым салынғаны туралы бірде-бір дерек жазылмаған. Ол осы тыйымға байланысты көрші Қырғызстанға да бара алмаған.
— Басында олар менің Еуропадағы кездесуге қатысқанымды қаламайды, сондықтан жібермей отыр деп ойлағам. Бірақ кездесу баяғыда біткен. Енді оқуға кетуім тиіс. Бірақ оқу күндері бостан-босқа өтіп жатыр. Енді не себепті мені жібермей отырғанын түсінбеймін, — дейді ол Азаттық тілшісіне шілденің 11-і күні.
Данияр Хасенов –Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Тусктің Қазақстанға сапары қарсаңында мамыр айында «елдегі адам құқығының өрескел бұзылуы» жайлы ашық хат жазған бір топ жастың бірі. Шілденің 10-ы күні Қазақстандағы Еуроодақ өкілдігінің басшысы мен Австрия елшісіне жолдаған хатында ол “елден шығуына заңсыз тыйым салынғанын” айтып, көмек сұраған.
“Дипломатиялық миссияның бір міндеті – өзі шоғырланған елде демократия принциптерін жетілдіру және адам құқығын қорғау. Қазақстан жағдайында көптеген келісім-шарт аясындағы халықаралық міндеттердің орындалуын қадағалау” делінген хатта.
Азаттық әзірге бұл мәселеге байланысты Алматы полициясынан жауап ала алмады.
Қазақстандағы адам құқығының ахуалы жайлы Еуропа кеңесінің төрағасына хат жазған жастардың бірі ақтөбелік белсенді, студент Дана Жанаева да сол хаттан кейін универститетке прокуратура өкілдері келіп, ректордың көзінше “түсіндіру жұмыстарын” жүргізгенін айтты.
“Егер белсенділігімді қоймасам, университеттен шығару, қамауы мүмкін екені туралы әңгіме айтты. Одан кейін шешеме, ата-анамның бизнесіне қоқан-лоқы жасай бастады. Менен әлеуметтік желідегі барлық парақшаларымды өшіріп, қоғам мәселелерін қозғамауға, олар туралы жазбауға мәжбүрледі” дейді Дана Жанаева.
Әлеуметтік желідегі парақшаларында “қауіпті ештеңе жазбағанын” айтқан студент құқық қорғау органдары билік саясатымен келіспейтіндерді қорқыту үшін осылайша “қысым көрсетіп жатыр” деп есептейді.
“Менің ойымша құқық қорғау органдарының мақсаты — билік саясатымен келіспейтіндерді қорқыту, қысым жасау немесе өздерімен әріптестік орнатуға шақыру. Бұл стандартты процедура және бәрі мұны жақсы түсінеді. Мұндай жағдайда ең бастысы белсенді өзіне қысым жасалғанын, қорқытқанын жасырмай көпке жеткізуі керек. БАҚ назары ауған соң белсенділерге жуымайды. Қазір белсенді жастар ұйымдасқан, саяси сауаттылықтарын өз бетінше арттырып жүр. Қандай қалада болмасын бір-бірін қолдайды” дейді студент.
“ШЕТЕЛДЕН АҚША АЛЫП ОТЫРСЫҢ БА?”
Кезектен тыс президент сайлауынан кейін құрылған, алдағы уақытта саяси партияға айналуды көздеп отырған “Республика” қозғалысының кейбір өкілдері де “саяси белсенділігіне” байланысты қоқан-лоқыға кезіккенін айтып отыр. Ұйым мүшесі қарағандылық блогер Айсұлтан Жақыповтың айтуынша, жақында оның туыстарына да “ескерту жасаған”.
— Жуырда Қарағанды политехникалық университетінде істейтін әпкемнің ішкі нөміріне өздерін таныстырмаған біреулер хабарласып, “Бауырың (Айсұлтан Жақыпов) кімді тыңдайды? Жолынан тайдырыңдар” деген. Ауылда тұратын әке-шешеме де жергілікті әкімдіктің идеология жөніндегі бөлім мамандары “ҰҚК ескерту жасады. Айсұлтанды тоқтатыңдар” деген. Жұмысқа тез кіріп кете алмауымның себебі саяси ұстанымдарға байланысты деп ойлаймын, — дейді қарағандылық белсенді.
Осы жаңа ұйымның өзге мүшесі Мұратбек Кәрімов жақында Нұр-Сұлтандағы рұқсат етілген митингіде “Еркіндік – қылмыс емес” деген жазуы бар плакат ұстағаны үшін қудалауға кезіккенін, шілденің 5-і күні полиция қызметкерлерінің өзінен “митингіге бармаймын” деген қолхат алып кеткенін айтты.
— Бірақ соған қарамастан ертесі митингіге шықпасам да, полиция үйіме келіп, сұрақ-жауап алу үшін бөлімшеге алып кетті. “1 мамырда не үшін бардың?”. “Еркіндік — қылмыс емес деген жазу не мағына береді?”. “ҚДТ-ға қатысың бар ма?”, “Қалай ақша тауып отырсың?” деген сияқты сұрақтар қойды. Менің жұмыссыз отырғаныма екі-үш ай болған. Өзім дизайнер, фрилансермін. “Шетелден ақша алып отырсың ба” деген сияқты сұрақтар қойды. Жинап қойған ақшаммен күн көріп отырмын дедім. Телефонымды, хаттардың бәрін тексерді. Isntagram-ды қарап шықты. Полицияға бара жатқанға дейін лайв жасағам. Соның бәрін қарады. 1 мамырда саусақ ізін алғандықтан бұл жолы суретке түсірді. Үш сағатқа жетпей босатты, — дейді Мұратхан Кәрімов.
Ол маусым айында ұйым мүшелерімен Арыс тұрғындарына қаржы жинау үшін банктен ашылған есепшотының бұғатталғанын, банк өкілдерінің «мемлекеттік кірістер комитетінің нұсқауымен есепшотты кілттегенін» айтты.
Бұған дейін Азаттық маусым айында құрылған Oyan, Qazaqstan жастар қозғалысының белсенді мүшесі Әсем Жапишева мен ұйымға қатысы бар өзге жастарға да қозғалыс ұйымдастырған шара кезінде қоқан-лоқы жасалғанын хабарлаған.
Жапишеваның айтуынша, осындай қоқан-лоқы мен қысымның кесірінен кейбір жастар Oyan, Qazaqstan-ды қолдайтынын “ашық айта алмайды, қозғалысты қолдағаны үшін кейбірін жұмыстан да шығарған». Белсенді түрлі себеппен нақты кімге қысым жасалғанын ашып айта алмайтынын, жұмыстан шығару оқиғасының Алматыда болғанын ғана айта алатынын жеткізді.
Қарай отырыңыз: Саяси жүйенің өзгергенін қалайтын жастар қозғалыс құрды (5 маусым 2019 жыл).
Азаттық тілшісі шілденің 11-і күні ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласып, “жас белсенділерге жасалып жатқан қысым жайлы” сұрап көрмек болды. Министрліктің ресми өкілі Нұрділдә Ораз кейінірек хабарласуды сұрады. Ішкі істер министрлігінің мемлекеттік тіл және ақпарат департаменті бастығының орынбасары Олег Иващенко бұған байланысты ресми сауал жіберуді өтінді.
Азаттық шілденің 11-і күні күндізгі сағат 15:30 шамасында министрлікке ресми хат жолдады. Әзірге жауап түскен жоқ.
Бұған дейін «Шындықтан қашып құтылмайсың» атты жастар акциясына қатысып, әкімшілік жазаға тартылған Бейбарыс Толымбеков және Нұр-Сұлтанда наразылыққа үшін 15 күнге қамалған астаналық белсенді Әлімжан Ізбасаровтың әскерге аттанғаны белгілі болды. Кейбір сарапшылар «Әскерге шұғыл аттандыруды» биліктің жастар белсенділігін шектеу мақсатында қолданып отырған амал-әдісі деп те бағалаған.