Белгісіз біреулер Азаттық тілшілеріне бұрыш баллонын шашып, жұмысына кедергі келтірді

0

6 шілде кешке Нұр-Сұлтандағы наразылық шарасынан тікелей эфирде ақпарат таратып жүрген Азаттық тілшілері Өркен Жоямерген мен Ержан Әмірхановқа белгісіз біреу бұрыш баллонын шашып кеткен. Ол баллонды Азаттық тілшілеріне бағыттағанмен ол жерде журналистер көп болғандықтан өзге де тілшілерге тиген.

— 45-50 жасқа таяған шашы ағарған сұр түсті футболка киген азамат Ержанның камерасын төмен қарай басып, сеуіп кетті. Ержан екеуіміз бұл кезде қатарынан бір жаққа қарап тұрғанбыз ғой. Менің оң жағымнан, Ержанның сол жағынан сеуіп кетті. Менің оң көзім, оң қолым, Ержанның сол көзі, сол қолы, қолтығына дейін сепкен. Ержан полицияға «бұрыш баллонын шашып кетті» деп айғайлады. Бірақ ешкім мән берген жоқ. Қазірге дейін қолымыз, көзіміз ашып тұр. Егер бетімізге тура шашқан кезде мүлде жұмысымызды жалғастыра алмас едік, — деді Өркен Жоямерген.

Бұл күні қолшатыр ұстаған маска таққан қара киімдегі екі адам Азаттықтың түсірілім тобына кедергі келтіріп, наразылық шарасынан ақпарат таратуға барынша бөгет жасаған. Олар камера бетін көлегейлеп, оқиғаны неғұрлым түсіртпеуге тырысқан. Бұған қоса, олар тілшілерге бейәдеп сөздер айтып, қоқан-лоқы жасаған.

Дәл осыған ұқсас жағдай Шымкентте де қайталанды. Көк және қара түсті қолшатыр ұстаған адам бірнеше сағат бойы Шымкенттегі Әл-Фараби алаңынан ақпарат таратқан Азаттық тілшісінің соңынан қалмай, түсіруіне кедергі жасаған. Сол маңда жүрген полиция осы адамдардың әрекетіне ешқандай шара қолданбаған.

6 шілде астана күні Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Ақтөбеде полиция «рұқсат етілмеген митингке шыққан» жүздеген адамды ұстады.

Azattyq